ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Өнеркәсіптік қауіпсіздік — жеке және заңды тұлғалардың, қоршаған ортаны қауіпті өндірістік факторлардан қорғау. Оның басты мақсаты өндірістік нысандарда қауіпті оқиғаларды болдырмау мен апатты жағдайлардың алдын алуды көздейді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік өндірістік бақылауды қамтамасыз етумен атқарылады. Ал өндірістік қауіпсіздікті бақылау – өнеркәсіптік қауіпсіздікті басқару жүйесінің бір бөлігі.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы департаментінің Алматы облысындағы қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша облысымызда семинар жұмыстары жүргізілуде. Аталған семинарлар қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының орындалуын, сондай-ақ заң бұзушылықтардың себептері мен мән-жайын анықтау, жұмыстарды қауіпсіз жүргізуге әсер ететін және зиянды қауіпті өндірістік факторлардың әсерін алдын алуға бағытталған. Өткен аптаның соңында аудандық кәсіпкерлер бөлімінің ұйымдастыруымен Ескелді ауданында өндірістік қауіпті объектілер басшыларының қатысуымен өндірістік бақылауды қамтамасыз ету бойынша дөңгелек үстел өткізілді.

Семинарға ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Қанат Есболғанов жиынға қатысушыларға өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашовтың бекіткен «Алматы облысының қауіпті өндірістік объектілеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша 2019 жылға арналған іс-шаралар жоспарына» сәйкес жиналғандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жиынға «Алатау Мрамор», «Жексенов К», «Каскад Каратальских ГЭС», «Ермуханбетова», «Мукашева» ЖШС-тері, «Хильниченко и К» КС және т.б. кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Осы орайда, кәсіпорын басшылары түсіндірме жұмыстарына қатысты сұрақтарын қойып, өздерінің ұсыныстарын қосты.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.